СҚО-да полицейлер мен ІТ-мамандар есірткі қылмысына қарсы күш біріктірді
СҚО-да полицейлер мен ІТ-мамандар есірткі қылмысына қарсы күш біріктірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заманауи технологияларды пайдалана отырып, синтетикалық есірткілердің таралуына тосқауыл қою мәселесін ІТ-сала сарапшыларымен бірге талқылады. Кездесу облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастамасымен өтті.
Киберкеңістікте есірткіні байланыссыз тәсілмен тарату, төлем жүргізудің жасырын жолдары туралы полицейлер егжей-тегжейлі ақпарат беріп, бұл бағыттағы заңсыз әрекеттердің әлсіз тұстарын сарапшылармен бірге талқылады. Сондай-ақ жоғары технологияларды есірткі бизнесіне қарсы күресте қолдану тетіктерінің құқықтық аспектілері қаралды.
Кездесуде жасанды интеллект көмегімен есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау, сондай-ақ азаматтардың анонимді әрі ыңғайлы түрде жедел маңызы бар ақпарат жолдауына мүмкіндік беретін чат-бот жасау туралы ұсыныстар да айтылды.
- Бұл салада бірден нәтиже беретін шешімдер жоқ. Әрбір ұсыныс терең зерттеуді қажет етеді. Ал ол ең алдымен ашық диалогтан, азаматтық қоғам белсенділерінің бұл мәселеге деген көзқарасын түсінуден басталуы тиіс, — деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Үмбетов.
Кездесуге департамент жанындағы есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңестің өкілдері де белсене қатысты. Шара соңында полицейлер осы кеңестің жаңа мүшелеріне арнайы куәліктер табыстады.
Полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл — "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасының маңызды қағидаттарының бірі.