СҚО-да полицейлер мен оқушылар ауқымды акция өткізді
СҚО-да полицейлер мен оқушылар ауқымды акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші лицейдің, бірінші гимназияның және қалалық классикалық гимназияның 200-ге жуық жоғары сынып оқушысы есірткі граффитиін жою үшін тәртіп сақшыларына көмектесті.
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған ауқымды іс-шараға көптеген жас петропавлдық белсенділік танытып, қатысып отыр.
Сондай-ақ “Stop граффити” акциясын солтүстікқазақстандық спортшылар, жұртшылық пен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері – барлығы 250-ге жуық адам қолдады.
Жастар қауіпті жазбаларды жоюға кіріспес бұрын флешмоб өткізді. Ұйымшыл жастар “Нет наркотикам” деген сөзді құрап тізіліп тұра қалды. Бұдан соң “Динамо” ДШСҚ спорт кешенінің алаңында қатысушыларға қажетті ақпарат айтылып, бояу құтылары таратылды.
10 топқа бөлінген жастар учаскелік инспекторлармен және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірге қаладағы әкімшілік учаскелердің аумақтарына бағытталды. Тек алғашқы сағатта есірткі саудалаушы интернет-дүкендердің мекенжайлары көрсетілген 60-тан астам жазба жойылды.
– Жыл басынан облыста түрлі есірткі құқық бұзушылықтары үшін 78 адам жауапкершілікке тартылды, оның жартысынан астамы – 16 мен 25 жас аралығындағы жастар. Нашақорлық пен есірткі саудасына кіріп кетпеуі үшін жасөспірімдерді есірткіге қарсы іс-шараларға тарту біз үшін өте маңызды, – деп атап өтті СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Мұхаметқалиев осы жылы СҚО-да полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 754 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 5,7 келі синтетикалық есірткі тәркілегенін хабарлады.