СҚО-да полицейлер “Мобильді академия” курсы бойынша білім алды
СҚО-да полицейлер “Мобильді академия” курсы бойынша білім алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары мен патрульдік полицейлері тұрғындармен тікелей жұмыс істеп, қоғамды толғандыратын ең өзекті мәселелерге жиі тап болады. “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын жүзеге асыру құқық қорғаушылардан жаңа тәсілдерді талап етеді.
Солтүстік Қазақстан облысында аудандық полиция бөлімдерінің жергілікті полиция қызметі бастықтары бір апта бойы облыстық полиция департаменті базасында ІІМ Ақтөбе заң институтының (Малғаждар Бөкенбаев атындағы) оқытушыларынан “Мобильді академия” курсы бойынша білім алды.
Тәжірибелі мамандар солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының әдістемелік базасын нығайтып, заңнамалық өзгерістер мен құқық қолдану тәжірибесінің қыр-сырымен бөлісті. Әсіресе әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау тақырыбына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе негізінде сервистік полиция моделінің негізгі қағидаттары мен элементтері жан-жақты түсіндірілді.
Қорытынды тестілеуде офицерлер алған білімдерін дәлелдеп, арнайы сертификаттарға ие болды. Енді олар өз бөлімдеріндегі әріптестеріне маңызды ақпаратты жеткізетін болады. Кәсіби шеберлікті тұрақты жетілдіру – “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын жүзеге асырудың басты шарттарының бірі.