СҚО-да полицейлер Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық спорт түрлерін дәріптеді
СҚО-да полицейлер Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық спорт түрлерін дәріптеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық спорт түрлері күніне қатысқан Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері ақыл-ойларын, күштерін, ептілігін ортаға салып, командалық рухтарын көрсетті.
Наурызнаманың жалпыұлттық онкүндігі аясында СҚО ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметкерлері тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту және таяқ тарту ойындарын ұйымдастырды.
“Барс” балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде (шахмат клубы) адамзаттың ең көне үстел ойындарының бірі тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Аталған ойын әлем бойынша жүздеген мың ойыншының қызығушылығын оятқан.
Ал “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамы облыстық филиалының спортзалында полицейлер арқан тартысып, таяқ тарту сайыстарына қатысты.
Сондай-ақ бұл жерде асық ату ойыны да өтті, оны ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының қатарына енгізді. Қазақстан – асықтың мықты деген ойыншыларының отаны екені барлығына белгілі. Бұл ойынның елдегі танымалдығының нәтижесі.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері облыс әкімдігі жанындағы Тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері ұйымдастырған байқауға да қатысты. Аталмыш байқауда сақшылар салт-дәстүрлерді қаншалықты білетіндіктерін көрсетті.
Наурыз мейрамы қарсаңындағы жарқын іс-шаралар патриоттылыққа тәрбиелейді. Сонымен бірге полицейлерге күнделікті жұмыстан бірер сағатқа босап, жақсы көңіл-күймен қайтуға мүмкіндік береді. Мереке күндерін тәртіп сақшылары күшейтілген түрде қарсы алады.