СҚО-да полицейлер омбы қарға түсіп кеткен фураның жүргізушісіне көмектесті
СҚО-да полицейлер омбы қарға түсіп кеткен фураның жүргізушісіне көмектесті. Үлкен жүк көлігінде 20 тонна ет өнімі болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 ақпан күні Көкшетау — Рузаевка автожолының 111-шақырымында Астана қаласынан 20 тонна ет тасымалдап келе жатқан Mercedes үлкен жүк көлігі жолдан шығып кетіп, омбы қарға батып қалды. Көлікті 55 жастағы Грузия азаматы жүргізіп келе жатқан. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен учаскелік инспектор шетелдікке көмектесті. Олардың өтініші бойынша Айыртау ауданындағы ЖШС-лардың бірі ауыр техника мен жұмысшыларын жіберді. Олар фураны дөңгелектеріне қойып, жол үстіне шығарды.
Тәртіп сақшылары соңына дейін сол жерде болып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жүргізуші қиын жағдайда көмектескендерге шын жүректен алғысын айтты.
Бір күннен кейін осы жолдың 140-шақырымында Рудный қаласының 41 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан HOWO жанармай құю көлігі жол шетіне түсіп кеткен. Экологияға ешқандай зиян тиген жоқ. Полицейлер бұл жолы да ЖШС басшылығына және "66" жол-пайдалану учаскесіне жүгінді.