СҚО-да полицейлер онлайн есірткі дүкенін әшкереледі
СҚО-да полицейлер онлайн есірткі дүкенін әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шілде айының соңында Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер психотроптық заттарды сату мақсатында интернет-дүкен ұйымдастырды деген күдікпен жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.
Күдікті – облыс тұрғыны, 27 жастағы ер адам. Бұған дейін мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған. Пәтерді тінту барысында полицейлер 85 түйіншек ұнтақ тәрізді затты тапқан. Сараптама оның жалпы салмағы 130 грамм есірткі заты екенін анықтады. Сондай-ақ қаптама материалдары, таразы және өлшеуіш қасықтар тәркіленді.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жолданды. Ер адамға аса ірі көлемде есірткі сату дерегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылуда.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 215 түрлі есірткі құқық бұзушылығын анықтады, оның 103-і сату деректері. Заңсыз айналымнан жалпы 771 келі есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 4,7 келісі — синтетикалық заттар.