Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізді

СҚО-да полицейлер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері полицияға денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу фактілері бойынша шамамен 250 өтініш түсті. Оның 91-і отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында болған.

Мәселен, Петропавлда 41 жастағы ер адам азаматтық некедегі әйелін ұрғаны үшін сот алдында жауап берді. Оның сөзінше, ол мас күйінде болған әрі мұрнын жарақаттап, аяғымен тепкені есінде жоқ. Алайда сот материалдарында ер адамның жеңіл дәрежеде мас болғанын растайтын медициналық сараптама нәтижесі бар.

Сот үкімі бойынша ол 25 тәулікке қамауға алынып, 1 жылға бірқатар шектеулер белгіленді, соның ішінде алкогольдік ішімдікке тыйым салынды.

Полицейлер еске салады: 2024 жылдың маусымынан бастап денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әкімшілік құқық бұзушылық емес, қылмыстық теріс қылық болып саналады.

Жалпы, жыл басынан бері полиция тұрмыстық құқық бұзушылық жасаған 1756 адамды жауапқа тартты, 1955 қорғау нұсқамасын шығарды, соттар 738 адамға мінез-құлқына қатысты ерекше талап белгіледі.

“Заң және Тәртіп” қағидаты аясында полицейлер алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жауапкершілік жөнінде ескертіп келеді және барша тұрғындарды дауларды тек құқықтық жолмен шешуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру