СҚО-да полицейлер отбасылық жанжалқойларға арнайы қабылдау орталығына экскурсия ұйымдастырды
СҚО-да полицейлер отбасылық жанжалқойларға арнайы қабылдау орталығына экскурсия ұйымдастырып, оларға психологты шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» республикалық акциясы аясында бұрын отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды жасады деп байқалған Петропавлдық ер адамдар қалалық полиция басқармасына шақырылды. Ерекше қонақтар үшін әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдағыштың үй-жайына экскурсия жүргізіліп, белгілі психолог Резеда Баймұхамбетованың дәрісін тыңдап, қалалық полиция басшылығына кез-келген сұрақтар қою мүмкіндігі туды.
Сонымен қатар «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні » аясында учаскелік инспекторлар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірлесіп, проблемалық мекен-жайларды аулалық және пәтерлік аралау жандандырылды. Отбасылық жанжалға кезекті шақыру Жұмабаев көшесіндегі пәтерлердің бірінде жүзеге асырылды. Әйел адамның айтуынша, оның 62 жастағы жұбайы үнемі ішімдік ішіп, жанжал шығарған.
Ер адам полиция басқармасына жеткізілді; оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-бабы (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Сот 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың ақпараты бойынша, СҚО-да жыл басынан бері осы желі бойынша 1800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді; олар бойынша 487 адам әкімшілік қамауға алынды, 279 адам ескертілді және 6 айыппұл салынды. Жанжалқойларға қатысты 2153 қорғау ұйғарымы шығарылды. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 132 адам жауапқа тартылды.
Полицейлер: отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау — жергілікті полиция қызметі жұмысының басымдықтарының бірі. Акция аясында полицейлермен бірге рейдтерге «Amanat» партиясының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен еріктілер қатысады. Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша СҚО-да осы бағыт бойынша қылмыстардың төмендеуі байқалғанымен, полицейлер профилактиканың қарқындылығын төмендетуді жоспарламайды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты барлық мәселелер бойынша «150» республикалық желісіне, СҚО полиция департаментінің әйелдерді қорғау бөлімшелеріне — 8 (7152) 61-25-30 және 8 (7152) 49-31-58 — Петропавл қаласының полиция басқармасына жүгінуге болады.
«111» тегін сенім телефоны жұмыс істейді, оған қоңырау шалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бағдарламалары туралы кеңес алуға болады. «102» телефоны да үнемі жұмыс істейді.