СҚО-да полицейлер Қанат Айтбаевты құрметті демалысқа шығарып салды
СҚО тәртіп сақшылары полиция полковнигі Қанат Айтбаевты құрметті демалысқа шығарып салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1992 жылы ішкі істер органдарына қызметке келген Қанат Айтбаев қатардағы милиция қызметкерінен бастап облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасарына дейінгі лауазымға жетті. Бүгін, отыз екі жыл бойы атқарылған мінсіз қызметтен кейін оны әріптестері құрметті демалысқа шығарып салды.
СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов, басқармалар мен дербес бөлімдердің бастықтары, облыстық полиция ардагерлері жылы лебіздерін арнады. Қанат Айтбаев өзіне ғана емес, қарамағындағы бағынысты қызметкерлерге деген талапшылдығымен, адамгершілігімен және дағдарыстық сәттерде дұрыс шешім қабылдай алуымен есте қалды.
Ол учаскелік полиция инспекторы, жедел уәкіл болып қызмет атқарды, криминалдық полиция бөлімдеріне жетекшілік етті. 2016 жылдың 1 қаңтарында жергілікті полиция қызметі құрылды. Солтүстік Қазақстан облысында жаңа бөліністі басқаруға Қанат Айтбаев тағайындалды. Жылдар бойы оның жетекшілік етуімен қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа тетіктері қолға алынды. Жеке өзі барлық аудандық полиция бөлімдеріне бірнеше мәрте барып қайтты. Учаскелік полиция инспекторларының есептік кездесулері өткен 100-ден астам ауылдық округтерге барып, тұрғындармен кездесті. 2017 жылы болған алапат су тасқыны кезінде және коронавирус пандемиясы кезінде құқықтық тәртіптің қамтамасыз етілуіне жауапты болды.
Қанат Айтбаевтың мансаптық жолы және жұмыс стилі полиция қызметкерлерінің бүгінгі толқыны үшін адал қызмет атқарудың жарқын үлгісі.
Қанат Айтбаевтың орнына СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары лауазымына бұған дейін Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары лауазымында қызмет атқарған полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов тағайындалды.