Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын өткізді

СҚО-да полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Қауіпсіз аула" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 28 қаңтар күні Солтүстік Қазақстан облысының аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық шаралар өткізілді.

Іс-шараға барлығы 486 адам қатысты. Олардың қатарында полиция қызметкерлері, пробация қызметінің өкілдері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, еріктілер мен қоғам белсенділері болды.

Профилактикалық жұмыс барысында полицейлер тұрғылықты мекенжайлар бойынша 664 есепте тұрған адамды тексерді. Олардың ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалауда тұрғандар, алкоголизм мен нашақорлық бойынша есепте тұрғандар, сондай-ақ қолайсыз отбасылар бар.

Есептегі контингент тарапынан 20 құқық бұзушылық анықталды. Тиісті шаралар қабылданып, қорғау нұсқамалары шығарылды, сондай-ақ құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 12 ерекше талап белгіленді. Аталған талаптар алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарын тұтынуға тыйым салуды көздейді.

92 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігі қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу және мас күйінде жүру, ұсақ бұзақылық және басқа да құқық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылған.

Сонымен қатар "маскүнем" санаты бойынша 8 адам профилактикалық есепке қойылды. Мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы сотқа 14 материал жолданып, оның 5-еуі қанағаттандырылды, 4 адам медициналық ұйымға жатқызылды.

Іс-шара барысында тұрақты мекенжайы жоқ 2 адам және 2 кәмелетке толмаған анықталды. Олардың бірі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын жою туралы 13 ұсыныс енгізілді.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің өкілдері аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстың жалғасып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру