СҚО-да полицейлер республикалық спартакиадаға үздік жекпе-жек шеберлерін іріктеді
СҚО-да полицейлер республикалық спартакиадаға үздік жекпе-жек шеберлерін іріктеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде қоян-қолтық ұрыс бойынша іріктеу жарыстары өтті. Департамент пен аудандық полиция бөлімшелерінен 40-тан астам тәртіп сақшысы бақ сынады.
СҚО ПД-ның арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы ұйымдастырған турнир сегіз салмақ дәрежесі бойынша өтті. Ең тартысты жекпе-жектер 73 және 80 келі салмақ санаттарында болды, бұл салмақтарда қатысушылар саны ең көп болды.
Жарыс жеңімпаздары – сегіз спортшы – Атырау қаласында өтетін республикалық додада облыс намысын қорғайтын СҚО ПД құрамасын жасақтайды.
Бұл бәсеке – "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының XII ведомствоаралық спартакиадасы және құқық қорғау органдары, күштік және арнаулы құрылымдар қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің XII спартакиадасы аясында өтеді.
Жарыстың мақсаты – Қазақстан халқына арналған Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру, еліміздегі дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қолдау, қызметкерлердің дене дайындығын арттыру, динамолық қозғалысты насихаттау және Ұлы Отан соғысының тарихи жадысын сақтау.