СҚО-да полицейлер шағын футболдан бақ сынасты
СҚО-да полицейлер шағын футболдан бақ сынасты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласында “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалы стадионында ішкі істер органдарының ардагерлері мен полиция қызметкерлерінің арасында арнайы мақсаттағы “Арлан” бөлімшесінің құрылғанына 27 жыл толуына арналған мини-футболдан турнир өтті.
Турнирге 8 команда қатысты: жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың, қалалық полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментінің, Айыртау және Тимирязев аудандарының полиция бөлімдерінің, жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция, жедел бөліністер мен ішкі істер органдары ардагерлерінің құрама командалары.
Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Айыртау ауданының полиция бөлімі, екінші орынды Тимирязев ауданының полицейлері иеленді, Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің құрамасы турнир жеңімпазы атанды. Үздік ойыншылар деп танылғандар: қақпашы — Ринат Назар, қорғаушы — Әлішер Жарқынбаев, шабуылшы — Азамат Бабаев. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге “Арлан” бөлімшесі ардагерлерінен кубоктар, дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш турнир арнайы бөлімше қатарында қызмет атқарған азаматтар үшін ерекше маңызға ие. “Арлан” жауынгерлері аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау бойынша ең күрделі де қатерлі тапсырмаларға алғашқылардың бірі болып аттанады және үнемі қылмыспен күрестің алғы шебінде тұрады. Мұндай жарыстарды жыл сайын “Арлан” құрылған күн — 11 мамырға орай өткізіп отыру жоспарланып отыр.
Жеңімпаз команда мамыр айының соңында Талдықорғанда өтетін республикалық турнирде өңір намысын қорғайтын болады.