СҚО-да полицейлер су құстарын аулау маусымы қарсаңында аңшыларды тексеруде
СҚО-да полицейлер су құстарын аулау маусымы қарсаңында аңшыларды тексеруде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында тұяқты жануарларды аулауға рұқсат берілген. Қыркүйек айында су құстарына аңшылық маусымы ашылмақ. Осыған байланысты полицейлер қару қолдануға байланысты қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмысты күшейтті.
Құқық қорғаушылар тіркелген қарудың сақталу жағдайын тексерумен қатар, орман алқаптарында рейдтер жүргізуде. Әрбір аңшы рұқсат құжаттарын өзімен бірге алып жүруі, сондай-ақ қаруды қатаң түрде заң талаптарына сай - оқ-дәрісіз, бөлшектелген және қаптама ішінде тасымалдауы тиіс. Қаруды мас күйінде қолдануға мүлдем тыйым салынады.
— Қазіргі уақытта бұл жұмыс профилактикалық акция аясында жүргізілуде.
Аңшыларға еске саламыз: кез келген құқық бұзушылық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, қарудың ұрлану қаупін және оны қылмыстық мақсатта пайдалануды арттырады. “Заң және Тәртіп” қағидасы әрбір азаматтан заң талаптарына жауапкершілікпен қарауды талап етеді, - деді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Құрман Мусин.
Жыл басынан бері СҚО полицейлері 297 қаруды сақтау ережесін бұзу, 191 қайта тіркеу мерзімін өткізу және 94 тіркелмеген қаруды сақтау дерегін анықтады. Қару айналымына бақылауды күшейтуге бағытталған профилактикалық акция 26 тамызда аяқталады.