СҚО-да полицейлер Тәуелсіздік күні қарсаңында шағын футболдан турнир өткізді
СҚО-да полицейлер Тәуелсіздік күні қарсаңында шағын футболдан турнир өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде шағын футболдан турнир өтті. Жарыс арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастамасымен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының спортзалында өткізілді. Полиция департаменті аппаратының бөліністерінен 13 команда және Айыртау ауданы полиция бөлімінің құрамасы қатысты.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері жеңімпаз атанды, екінші орынды экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, үшінші орынды оқу-жаттығу взводының қызметкерлері иеленді. «Үздік қақпашы» номинациясы Азамат Ыбыраевқа (ЭҚІҚБ), «Үздік қорғаушы» аталымы Төлеген Байшақовқа (ЖҚАЖ) берілді, ал Жәнібек Темірғалиев турнирдің үздік ойыншысы (Айыртау ауданының ПБ) атанды. Турнир жеңімпаздарына ауыспалы кубок табысталды. Жүлдегерлер дипломдармен, номинациялар бойынша жеңімпаздар — мүсіншелермен марапатталды.
Полицейлер атаулы күнге орайластырып спорттық іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл – патриотизмді нығайтуға, қызметтік-қолданбалы және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.