СҚО-да полицейлер Тәуелсіздік күнін жарыстармен қарсы алды
СҚО-да полицейлер Тәуелсіздік күнін жарыстармен қарсы алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін кәсіби шеберлікті, төзімділік пен командалық рухты талап ететін спорттық жарыстармен атап өтті.

Полицейлік эстафета – әлсіздерге арналмаған сын. Бронежилетпен жүгіру, оқ-дәрі салынған жәшікті көтеру, шартты жараланған адамды иыққа салып алып өту, газтұмылдырықтағы жаттығулар – мұның барлығы қатысушылардан жоғары физикалық дайындықты, шыдамдылықты және күрделі жағдайда тез бағдарлана білу қабілетін талап етті. Алайда жарыстың басты шарты – командалық бірлік пен өзара қолдау болды. Дәл осы үйлесім жеңіске жетелейтін шешуші секундтарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Эстафетаны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамымен бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінен 28 жас қызметкер қатысты. Олардың әрқайсысының ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі үш жылдан аспайды.
Физикалық сынақтармен қатар қатысушылар Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын бөлшектеп-жинау, сондай-ақ қарудың тактикалық-техникалық сипаттамалары бойынша теориялық сұрақтарға жауап беру тапсырмаларын орындады.
Жарыс аяқталған соң полиция ведомствосының психологтары жас қызметкерлерге арналған арнайы сабақ өткізді. Оның мақсаты – ұжымда жұмыс істеу дағдыларын нығайту және кәсіби төзімділікті арттыру.
"Заң мен тәртіп" қағидаттарын қорғауға жоғары деңгейде дайын екенін Қызылжар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көрсетті. Екінші орынды Петропавл қалалық полиция басқармасының командасы иеленсе, үшінші орын Шал ақын ауданының полицейлеріне бұйырды.
Айта кету керек, кәсіби дағдыларды тексеруге бағытталған бұл эстафета алғаш рет Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды. СҚО Полиция департаменті мұндай жарыстарды алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
