СҚО-да полицейлер Тілдер күні қарсаңында “Мағжан орталығына” экскурсия жасады
СҚО-да полицейлер Тілдер күні қарсаңында “Мағжан орталығына” экскурсия жасады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыркүйектің 5-інде аталып өтетін Қазақстан халқының тілдер күні – елдің мәдени бірегейлігін қалыптастыратын маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн тәртіп пен патриоттық құндылықтарға ерекше мән беретін полиция қызметкерлері үшін де маңызды.
Мерекеге орай Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінде бірқатар іс-шара жоспарланған. Алғашқысы – Петропавлда жаңадан ашылған ерекше мәдени-ағартушылық орталық "Мағжан орталығына" экскурсия болды.
Саяхатты тарихшы, СҚО "Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының" бөлім меңгерушісі Әлі Турысов жүргізді. Ол қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы жайында кеңінен әңгімелеп, Мағжан дәуірін бейнелейтін залдарды, тақырыптық еңбектер мен сирек басылымдар жинақталған кітапхананы көрсетті.
Экскурсияға полиция департаментінің түрлі бөлімшелерінен 20-ға жуық қызметкер қатысты. Тілдер күніне орай қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталған мазмұнды бағдарлама жалғасуда. Алда Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған "Соңғы үкім" фильмін тамашалау және Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтетін семинар-конференция бар.