СҚО-да полицейлер тұрмыстық жанжалға қатысты заң нормаларын түсіндіруде
СҚО-да полицейлер тұрмыстық жанжалға қатысты заң нормаларын түсіндіруде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Заң және тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру аясында СҚО полиция департаментінің тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшелері профилактикалық және ақпараттық жұмысты күшейтті. Инспекторлар тұрғындармен кездесулер өткізіп, брошюралар мен жадынамалар таратып, бұрын құқық бұзушылыққа барған адамдармен жеке жұмыс жүргізуде. Осындай кездесулердің бірі Петропавл қаласындағы Жұмысшы кентінің полиция бекетінде өтті.
Шараға полицейлермен бірге “Демеу” мекемесінің психологтары қатысты. Жиналғандарға тұрмыстық саладағы құқық бұзушылық пен қылмыстар үшін заңда қатаң жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді. Негізгі ұстаным — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзім, ал алкоголь агрессияға ешқашан сылтау бола алмайды.
Полиция қабылданған шаралардың оң нәтиже беріп жатқанын атап өтеді. Жыл басынан бері 1775 қорғау нұсқамасы шығарылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға көп. Сондай-ақ агрессорлардың мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар 34%-ға артты, олардың барлығына алкоголь тұтынуға қатаң тыйым салынған.
— Өткен жылдың маусымынан бастап қасақана жеңіл дене жарақатын салу және ұрып-соғу фактілері қылмыстық сипатқа ие болды. Бұл дегеніміз — сырт көзге елеусіз көрінетін әрекеттердің өзі қазір қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бұл жәбірленушілерді батылырақ көмекке жүгінуге, ал әлеуетті құқық бұзушыларды ойлануға итермелеуі тиіс, – деді СҚО ПД бастығының орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
Полицейлер тұрғындарды отбасылық жанжалдар мен зорлық-зомбылықты жасырып қалмай, міндетті түрде мамандардан және құқық қорғау органдарынан көмек сұрауға шақырады.