Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер Ұлы Отан соғысының батырларын еске алды

СҚО-да полицейлер ІІО-да қызмет атқарған Ұлы Отан соғысының батырларын еске алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жеңіс күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде патриоттық шаралар өтті. Ведомство басшылығы, ардагерлер кеңесінің мүшелері және “Жас сақшы” сыныбының оқушылары Ұлы Отан соғысына қатысқан милиция қызметкерлерінің рухына тағзым етті.

Департамент аумағындағы обелиск маңында салтанатты жиын ұйымдастырылып, қатысушылар қызыл қалампырлар мен гүл шоқтарын қойды. Кейін соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мағынасы терең, осындай дәстүр іс-шаралар ұрпақтарды біріктіріп, Жеңістің қандай бағамен келгенін еске салады.

Шараның ерекше қонағы – ішкі істер органдарының ардагері, тыл еңбеккері Владимир Терентьевич Ипполитов болды. Ол 95 жаста. Түмен облысының тумасы жастайынан өмірдің ауыртпалығын көріп өскен: 1942 жылы әкесі майданнан оралмаған, ал Владимир ерте есейіп, еңбекке араласуға мәжбүр болған. Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 1962 жылы бастап, кезекші бөлімде топ командирінен бастықтың орынбасарына дейін көтеріліп, милиция майоры шенінде зейнетке шықты. Педагогика ардагері болған зайыбымен бірге екі қыз тәрбиелеп өсірген.

Салтанатты рәсім барысында полиция генерал-майоры Айдын Кабдұлдинов ардагерге “1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл” мерекелік медалін табыстады. Өз кезегінде Владимир Терентьевич жүрекжарды алғысын білдіріп, майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің ұмытылмас ерліктерін еске салды.

Соғыстан кейінгі жылдары СҚО ішкі істер органдарында 770-тен астам майдангер қызмет атқарған. Олар – Жеңіс солдаттары, әскери шинельдерін милиция формасына ауыстырып, бейбіт күнде елге адал еңбек етуді жалғастырған жандар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру