Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер үш жүк көлігінің жүргізушілеріне көмектесті

СҚО-да полицейлер үш жүк көлігінің жүргізушілеріне көмектесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жезқазған – Петропавл автожолының 800-ші шақырымында бидай тиелген КамАЗ көлігін жүргізіп келе жатқан 37 жастағы Мамлют ауданының тұрғыны көлік тізгініне ие бола алмай жол жиегіне түсіп кеткен. Оны жол үстін патрульдеп жүрген полицейлер байқап қалды. Олар ауыр жүк көлігін жолға шығару үшін арнайы техниканы табуға көмектесті.

Екі күннен кейін дәл сол маңда, аталған жолдың 806-шы шақырымында тіркемесі бар қиыршық тас тиелген КамАЗ жол шетіндегі омбы қарда батып қалған. Жол сақшылары 62 жастағы бұл жүргізушіге де көмектесті.

Ал Көкшетау – Рузаевка автожолының 138-ші шақырымында тетрапактардағы 18 тонна сүтті тасымалдап келе жатқан Volvo фурасы боранның салдарынан оң бүйіріне аударылған. 57 жастағы жүргізуші зардап шеккен жоқ. Полицейлер жақын маңдағы ЖШС-ға жүгінді, серіктестік иесі сүтті басқа фураға тиеу үшін арнайы техника ұсынып, көмекке жұмысшыларды жіберді. Содан кейін Volvo көлігі дөңгелектеріне қойылып, кюветтен шығарылды.

Барлық жағдайда полицейлер соңына дейін болып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушілерге Солтүстік Қазақстанның құбылмалы климатын естен шығармауға кеңес береді. Жауын-шашын, қарлы жалдар мен мұз пайда болған кезде жолдарда мұқият болу қажет. Жолдың жиегін қарап отырған жөн, қиын учаскелерде жылдамдықты азайту керек.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру