Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер Ұстаздар күніне орай ерекше іс-шара өткізді

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Ұстаздар күніне орай ерекше іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық полиция департаментінде өткен салтанатты жиында құқық қорғаушылар ұстаздарға құрмет көрсетті.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин жиынға келген қонақтарды Ұстаздар күнімен құттықтап, педагогтарға алғыс хаттар табыс етті.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментіндегі санаулы әйел кинологтардың бірі Татьяна Васичкина осы күні өзінің сынып жетекшісі Елена Машинецке алғысын білдірді. Татьяна үшін әдебиет сабақтары ерекше қызық әрі әсерлі болған

Сондай-ақ ұстазына алғыс білдіргендердің қатарында әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Мәдиев те болды. Оның алғашқы мұғалімі – Светлана Швабская.

– Бірде үй тапсырмасын орындамай келіп, екілік ала жаздадым. Бірақ Светлана Семеновна қайта жауап беруге мүмкіндік берді. Оның "Әр адам қателеседі, ең бастысы – сол қателікті өзі түзеуі керек" деген сөзін ешқашан ұмытпаймын. Бұл мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды, – деп еске алады Ерлан Мәдиев

Іс-шара соңында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәдениет орталығының вокал тобы домбыра мен гитараның сүйемелдеуімен әсем әндер шырқап, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ұстаз еңбегі неғұрлым жемісті болса, полицейдің де уайымы соғұрлым азаяды. Бұл екі мамандықты "Заң мен тәртіп" қағидаттарына негізделген ізгілікті қоғам құруға деген ортақ мақсат біріктіреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру