СҚО-да полицейлер зейнеткерді өрттен аман алып шықты
Петропавлда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері зейнеткерді өрттен алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция батальонындағы қызметкерлерге ерекше талаптар қойылады. Ең маңыздыларының бірі – тез арада ойланып, дұрыс шешім қабылдау. Батальон қызметкерлері азаматтардың қоңырауларына ден қойып, алғашқылардың бірі болып келеді. Оқиға орнында заттай айғақтардың сақталуын қамтамасыз етеді, кейде күдіктілерді ұстайды. Қызмет атқару кезінде кенеттен өмірге қауіп төнетін оқиғалар да орын алып жатады.
Мысалы, 7 желтоқсанда Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторлары Бауыржан Жаров пен Азат Зейнолов және учаскелік инспектор Марат Мусин Пушкин көшесіндегі өртеніп жатқан үйден өздігінен қозғала алмайтын қарт әйелді алып шықты. Полицейлердің айтуынша, қатты түтін қауіпті жағдай туғызған.
– Әйелді киіндіріп далаға шығарып жатқанда бірнеше минуттар өтіп, үйдің ішіндегі жағдай мүлдем басқаша болып кетті. Түтін бүкіл қабатты жайлап кетті. Зейнеткерді алып жүру қауіпті болды. Абырой болғанда, оттегі маскасы бар өрт сөндірушіні таптық. Әйелді көтеріп алып шыға жөнелдік. Өрт сөндіруші масканы әжейдің бетіне тосып, қасымызда жүріп отырды. Үшеуімізге де қауіп төнген еді, алайда сабырлық танытып, өзімізді-өзіміз ұстай білдік, – дейді полиция қызметкері Жаров.
Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің күнделікті жұмыс күндері түрлі оқиғаларға толы. Жыл басынан батальон қызметкерлерімен 94 қылмыс “ізін суытпай” ашылды. Олар барлығы 577 қылмыстың бетін ашуға көмектесті. Экипаждар 53 жедел-профилактикалық іс-шараға қатысты. Облыс орталығында 26 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтары, мас күйдегі жанжалдар және тұрғындардың “102” арнасына хабарласып айтатын басқа да жағдайлары бар.