СҚО-да полицейлер «Жас сақшы» сыныбының оқушыларымен кездесті
СҚО-да полицейлер «Жас сақшы» сыныбының оқушыларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Абылғазы Ғабдуллин Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-мектеп-лицейде құрылған «Жас сақшы» сыныбының қатысушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесті. «Жас сақшы» сыныбына болашақта полицияға жұмысқа келуге ниетті жетінші сынып оқушылары кіреді.
Қазақстан полицейлері қызметке барынша дайындалған және ынталы адамдардың келуіне мүдделі. Заң мамандықтарының студенттерімен белсенді жұмыс жүргізілуде. Мұндай сыныптың ашылуы – болашақ полицейлерді мектептен дайындаудың алғашқы қадамы.
Ғабдуллин балалар мен олардың ата-аналарына ішкі істер органдарындағы қызметтің артықшылықтары туралы айтып берді. Ұлдар мен қыздар ҚР ІІМ жоғары оқу орындары туралы бейнероликтерді тамашалады, бұл білім ошақтары әкімшілік блоктың қызметкерлерін, жедел уәкілдер мен тергеушілерді, криминалистерді дайындайды. Білім алу тегін, курсанттар киім-кешекпен, өмірге қажеттінің барлығымен қамтамасыз етіледі. Оқу аяқталған соң міндетті түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар.
Әзірге балалар полиция қызметінің ерекшеліктерімен таныстырылып жатыр. Жақында «Жас сақшы» қатысушылары СҚО ПД музейінде қызықты экскурсиямен болып қайтты, олар облыс аумағындағы ІІО тарихы, қызметкерлердің ерліктері және өткен жылдарда болған атышулы қылмыстар туралы білді. Сондай-ақ полицейлер оқушыларға жедел басқару орталығын көрсетті, онда тәулік бойы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қызу жүреді.
Бұдан бөлек, «Жас сақшы» оқушыларымен жұмыс барысында полицейлер түрлі сабақтар, оның ішінде «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамында спорт секциясын ұйымдастыруды жоспарлап отыр, онда арнайы бөлімшелердің қызметкерлері және шақырылған мамандар жауынгерлік күрес тәсілдерін үйретеді, дене шынықтыру даярлығын дамытады. Келешекте спорт және полиция қызметі жағынан жақсы көрсеткіштерге ие талапкерлерге ҚР ІІМ-нің жоғары оқу орындарына оқуға түсу оңайырақ болады.