Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер жас спортшыларға экскурсия ұйымдастырды

СҚО-да полицейлер жас спортшыларға экскурсия ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінде Олимпиадалық резервтегі “Олимп” спорт мектебінің 20-дан астам тәрбиеленушісі – бокс, күрес және шорт-трекпен айналысатын жасөспірімдер экскурсияда болды. Іс-шара жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және олардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған республикалық “Жасөспірім” жедел алдын алу іс-шарасы аясында ұйымдастырылды. Экскурсияны департаменттің оқу-жаттығу взводы мен арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері мұқият жоспарлап өткізді.

Балалар алдымен ведомстволық мұражайға барды. Мұндағы экспозициялар өңірдегі ішкі істер органдарының қалыптасу және даму тарихының әр кезеңін қамтиды. Ерекше әсер қалдырған зал – Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстан кейін де елге қызметін жалғастырған милиционер-майдангерлерге арналған естелік бұрышы болды. Мұражай қорын сақтаушы Нина Бенграф соғыс жылдарындағы құрбандар туралы айтып, балалардың ойына мына сөзбен ой салды: “Егер әрбір қаза тапқан адам үшін бір минут үнсіздік жарияланса – біз 38 жыл бойы үнсіз тұрар едік”.

Одан кейін оқушылар Жедел басқару орталығына бет алды. Бұл жерде тәулік бойы “102” нөміріне келіп түсетін қоңыраулар қабылданып, қала мен трассалардағы жағдай бақыланады. Департамент штабы бастығының орынбасары Рустам Жақұпов оқушыларға “102” мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін таныстырып, бейнебақылау жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Балалар тіпті өз мектептерін де сол камералар арқылы көре алды.

Экскурсияның ең қызықты әрі әсерлі бөлігі – арнайы бөлімшелердің жарақтарымен танысу болды. Плац алаңында жасөспірімдерге бронежилеттер, дулығалар мен қалқандар көрсетілді. Бұл құралдар полицейлер арнайы операциялар мен қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде қолданады. Балалар үшін нағыз сый – көп мақсатты брондалған дөңгелекті көлікпен серуендеу мүмкіндігі болды.

Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, осындай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттырып, патриоттық сезім мен полицияға деген сенім қалыптастырады. Мүмкін, экскурсияға қатысқан балалардың бірі болашақта погон таққысы келіп те қалған болар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру