Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер жоғалған 45 жылқыны тауып, иелеріне қайтарды

СҚО-да полицейлер жоғалған 45 жылқыны тауып, иелеріне қайтарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында бірнеше күн бойы жоғалған 45 жылқыны полиция қызметкерлері тауып, иелеріне қайтарды. Малдың жоғалуына байланысты табыншы аудандық полиция бөліміне жүгінген. Оның айтуынша, жылқыларды өз күшімен іздеу нәтижесіз болып, тек үш мал ғана табылған.

Оқиғаға жедел ден қойған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бес іздестіру тобын құрды. Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлерімен қатар орман шаруашылығының мамандары мен жергілікті тұрғындар тартылды. Іздеу барысында жылу бейнелеуіштерімен жабдықталған екі дрон қолданылып, жұмыстар тәуліктің түнгі мезгілінде де үздіксіз жүргізілді.

Іздестіру шаралары бес күнге созылып, шамамен 30 шақырым аумақ қамтылды. Ұшқышсыз ұшу аппараттары өз тиімділігін дәлелдеп, олардың көмегімен жылқы үйірлерінің орналасқан жері анықталды. Белгіленген нүктелерге жедел түрде іздестіру топтары жіберілді.

Орманды алқаптар мен батпақты жерлерден тұратын күрделі жер бедері іздеу жұмыстарын едәуір қиындатқанына қарамастан, тәртіп сақшылары мен еріктілердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде барлық жоғалған жылқылар табылып, иелеріне аман-есен қайтарылды.

Анықталғандай, табыншы малды қараусыз, еркін жайып жіберуге жол берген. Осыған байланысты ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері мұндай жағдайлар мал ұрлығының негізгі себептерінің бірі екенін еске салады.

Қазіргі уақытта облыс аумағында "Мал ұрлығы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның аясында полиция қызметкерлері үй жануарлары мен ет өнімдерін сату және тасымалдау кезінде ветеринариялық талаптардың сақталуын, мал сою орындарын, сондай-ақ жайылым аумақтарын тексеруде.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында жайылым ережелерін бұзғаны үшін 2916 әкімшілік хаттама толтырылған. Қараусыз жүрген мал — қылмыскерлер үшін оңай олжа ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігіне де елеулі қауіп төндіреді. Мал жоғалған жағдайда іздестіру шаралары көп күш пен ресурсты талап етеді. Осыған байланысты полиция ауыл тұрғындарын заң талаптарын қатаң сақтауға және малды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру