СҚО-да полицейлер жол апатының алдын алу мақсатында акция ұйымдастырды
СҚО-да полицейлер жол апатының алдын алу мақсатында акция ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен түні полицейлер медицина қызметкерлерімен бірлесіп, Солтүстік Қазақстан облысының автожолдарында кезекті “Ұйқылы рөлде” акциясын өткізіп, көлік жүргізушілеріне шаршаңқы күйде рөлге отырудың қатерін ескертті.
Құқық қорғаушылар еңбек пен демалыс режимін сақтау қажеттігін түсіндіріп, профилактикалық жадынамалар таратты. Жүргізушілерге жедел жәрдем көлігінде тексерістен өту ұсынылды. Мұнда медицина қызметкерлері қан қысымын өлшеп, жалпы денсаулығын анықтады. Шаршағанын сезген жүргізушілерге тәртіп сақшылары ең жақын тұрақта демалуды қатаң түрде ұсынады.
Полицейлердің айтуынша, рөлде ұйықтап кету – ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының ең жиі себептерінің бірі.
“Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын басшылыққа алған полицейлер жол апаттарының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді.
Жүргізушілерге негізгі ескерту: шаршаған күйде көлік жүргізбеу, жолда барынша мұқият болу, әсіресе түнгі уақытта трассада абай болу, сондай-ақ жылдамдықты асырмау.