СҚО-да полицейлер жол техникасының қаралымына қатысты
Солтүстік Қазақстан облысының жолдарын қысқы күтіп-ұстауға арналған арнайы автотехниканың қаралымы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында "ҚазАвтоЖол" және "КАЖсервис" облыстық филиалдарының автопаркі таныстырылды. Қазіргі таңда өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы 8996 шақырымды құрайды, оның 1970 шақырымы – республикалық, 1983 шақырымы – облыстық және 5043 шақырымы – аудандық маңызға ие. Аймақта 6 жол-пайдалану учаскесі жұмыс істейді.
Қаралымға "ҚазАвтоЖол" орталық аппаратының өкілдері, облыстық филиал басшылығы және Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманғали Ысмағұлов қатысты. Тәртіп сақшылары күрделі климаттық жағдайда патрульдеуге арналған жоғары өтімді қызметтік автокөліктерін ұсынды.

Қыс маусымы қарсаңында полицейлер дәстүрлі түрде өңір жолдарының күзгі тексерісін жүргізуде. Бүгінгі таңда республикалық және облыстық маңызы бар шамамен 4 мың шақырым жол қаралды. Нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша 48 ұйғарым енгізілді.
Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы күндері ауа температурасының төмендеуі және жауын-шашын күтіледі. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге уақытылы қысқы дөңгелектерге ауысуға және жолда мұз қату жағдайларына дайын болуға шақырады.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында жарақат алғандармен байланысты 430 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 84-і республикалық маңыздағы трассаларда орын алған. Апаттар салдарынан 21 адам қаза тауып, 147 адам түрлі жарақат алған.
Полицейлер жолдарда қоғамдық тәртіп пен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты патрульдеу жүргізеді. Жол апаттарының алдын алудың ең тиімді жолы – сақтық танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау.
 
						
 
											