СҚО-да полицейлер жолдан шығып кеткен ауыр жүк көлігін эвакуациялауға көмектесті
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жолдан шығып кеткен ауыр жүк көлігін эвакуациялауға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Кеңес ауылының маңында орналасқан Жезқазған — Петропавл автожолының 815-шақырымында тіркемесі бар КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кеткен. Қиын жағдайға тап болған жүргізушіге көмекке патрульдік полиция батальонының қызметкерлері келді. Олар жүк көлігін жол үстіне шығаруға қосымша техника ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етті. Нәтижесінде, КамАЗ сапарын жалғастырды.
Осыған ұқсас жағдай қараша айының соңында Көкшетау – Рузаевка автожолының 102-шақырымында орын алды. Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының маңында Volvo жүк көлігі бұрылысқа сыймай, жолдан шығып кеткен. Жағдайды байқаған патрульдік полицейлер жылдам әрекет етіп, үлкен трактор шақыртты. Техниканың көмегімен жүк көлігі жолға шығарылып, сапарын жалғастырды. Екі жағдайда да жүргізушілер зардап шекпеді.
– Қыс мезгілінде жол үстіндегі қауіпсіздікке ерекше мән беру қажет. Жүргізушілерден ауа райы болжамдары мен төтенше жағдайлар қызметінің хабарламаларын қадағалап отыруды сұраймыз. Жолда мұздың пайда болуы мүмкін екенін ескеріп, елді мекендердің маңында және бұрылыстарда жылдамдықты төмендетуді ұмытпаңыздар. Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтап, мұқият болуларыңызды өтінеміз,, – деп атап өтті патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.