Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер жыл басынан бері 770 келіден астам есірткі тәркіледі

СҚО-да полицейлер жыл басынан бері 770 келіден астам есірткіні тәркіледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, жұмыс екі негізгі бағытқа шоғырланған: есірткі қылмыстарын анықтау және олардың алдын алу.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай өскен — 9 айда 214 дерек тіркелген (өткен жылы – 187). Оның ішінде 100-ден астамы — сату фактілері, 8 — аса ірі көлемде сақтау, 7 — контрабанда, 4 — есірткі насихаты бойынша анықталған.

Полиция қызметкерлері сондай-ақ 10 фитозертханалардың қызметін тоқтатып, шамамен 800 келі есірткі құралдарын тәркілеген. Оның ішінде 5 келіге жуық синтетикалық есірткі және 700 келіден астам марихуана бар.

Маңыздысы — құқық қорғаушылар облысқа есірткі жеткізудің 7 арнасын анықтап, жолын кесті. Мәселен, 7 сәуірде қалаға кіреберісте Daewoo Nexia автокөлігі тоқтатылып, оны басқарған 26 жастағы астаналық тұрғыннан жарты келіге жуық синтетикалық есірткі табылды. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Жастарды есірткіге тәуелділік пен есірткі қылмыстарына тартудың алдын алу жұмыстары мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерімен бірлесе жүргізілуде. 40 мыңнан астам жасөспірім мен студент 700-ден астам ақпараттық, спорттық және креативті іс-шараларға қатысты.

Асқар Мұхаметқалиев "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында мемлекеттік құрылымдар, белсенділер мен еріктілердің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Тек ортақ күшпен ғана есірткі таралуының жолын тоқтатып, елдің болашағын қорғауға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру