СҚО-да полиция бет жабуға қатысты талаптарды еске салды
СҚО-да полиция неге бетті жабуға болмайтынын еске салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екі жылға бас бостандығын шектеу - Петропавл қаласының тұрғыны жасаған мас күйіндегі әрекеттің соңы болды. Өткен күзде ол "Крик" фильміндегі кейіпкердің бетпердесін тағып, қоғамдық көлікте келе жатқан 12 жастағы оқушы қызды соққыға жыққан. Аталған оқиға облыс орталығындағы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамның қызу талқылауына себеп болды. Осыған байланысты полиция өкілдері мәселенің мәніне тереңірек назар аударуға шақырады.
Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда бетті жабатын киім элементтерін қолдануға тыйым салу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл талап, ең алдымен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Атап айтқанда, бейнебақылау және бет-әлпетті тану жүйелері арқылы тұлғаны жедел анықтау мүмкіндігі маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар бетперделер қаскүнемдер тарапынан пайдаланылып, олардың өздерін жазасыз сезінуіне жол ашуы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, кейбір жағдайларда мұндай жабындар арандатушы факторға айналады.
Аталған шектеулер ар-ождан және діни сенім бостандығына нұқсан келтірмейді. Олар медициналық көрсетілімдерге байланысты, ауа райының қолайсыз жағдайларында, сондай-ақ қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындау кезінде бетперде, шарф және өзге де жабындарды қолдану жағдайларына қолданылмайды.
Осы талаптарды түсіндіру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері профилактикалық акциялар өткізіп, жастармен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып келеді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қоғамдық қауіпсіздіктің берік негізі — "Заң мен Тәртіп" қағидаттарын сақтауға негізделген өзара құрмет.
