СҚО-да полиция мен халық арасында ашық диалог орнады
СҚО-да полиция мен халық арасында ашық диалог орнады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы аясында полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге құқықтық кеңес берді.
2 маусым күні Петропавл қаласының оңтүстік-шығыс қақпасында "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде кезекті қабылдау ұйымдастырылды. Ерекшелігі – бұл жерде азаматтарды облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, қалалық патрульдік полиция батальонының командирі және тәжірибелі әкімшілік полиция қызметкерлері тікелей қабылдады. Осындай қабылдау нүктелері облыстың барлық аудандарында орналастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – полиция, жол қызметтері және тұрғындар арасында ашық әрі тікелей байланыс орнату. Азаматтар жол инфрақұрылымы мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, проблемалық мәселелерді көтеруге мүмкіндік алды.
Көтерілген сұрақтардың басым көпшілігі жол жабынының сапасына, шұңқырлар мен ойықтардың болуына, жол белгілерінің жай-күйіне қатысты болды. Кейбір тұрғындар өзге де инфрақұрылымдық олқылықтар жөнінде пікір білдірді. Барлық мәселелер назарға алынып, олардың басым бөлігіне сол жерде нақты жауап берілді.
Сонымен қатар тұрғындарға жол инфрақұрылымындағы ақаулар туралы қайда және қалай хабарлауға болатыны жөнінде ақпарат ұсынылды. Мұндай іс-шаралар жедел әрекет етумен қатар, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.
"Жолда қабылдау" акциясының келесі кезеңдері 8 және 15 маусым күндері өтеді.