СҚО-да полиция мен қоғам белсенділері бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі талқыланды
СҚО-да қоғам белсенділері мен полицейлер бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен жоспарларды талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айқындылық, ашықтық және тиімділік. Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде жұмыстың осы тұстарын нығайтуға көп жылдар бойы консультативтік-кеңесші органның мүшелері атсалысып келеді. ККО құрамына өңірдегі белгілі қоғам белсенділері, тәжірибелі басшылар мен белгілі журналистер кіреді.
ПД жанындағы органның кезекті отырысында өткен жылы бірлесіп атқарылған жұмыстардың қорытындылары және алдағы жылға арналған жоспарлар туралы айтылды. Сондай-ақ қоғам белсенділері полиция жұмысына қатысты пікірлерімен бөлісіп, қала тұрғындары арасындағы өзекті мәселелерді айтты.
СҚО ПД жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов жиынға қатысушыларды өткен жылы ойын-сауық орындарында қылмысты болдырмау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нашақорлықтың алдын алуға бюджет қаражатын бөлу бойынша атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Биылғы жылға қарастырылған сұрақтар айқындалды, жоспардың жобасы бекітілді.
Отырыстың екінші мәселесі – көші-қон қызметінің азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жұмысы. Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов мемлекеттік қызмет көрсетудің аталмыш бөліністің жұмысындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Көші-қон полицейлері мемлекеттік қызметтің 12 түрін көрсетеді. 2023 жылдың 12 айында барлығы 126 665 қызмет көрсетілді. Қазіргі уақытта барлық қызмет электрондық форматта көрсетіледі; яғни азаматтар ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді эксаумақтылық қағидаты арқылы ХҚКО-ға жүгіну арқылы алуға да болады; азаматтар тұрғылықты мекенжайларына қарамастан кез келген ХҚКО-ға жүгіне алады, – дейді Талғат Әбілов.
Отырыс барысында ККО мүшесі Павел Афанасьев Ульянов көшесіндегі танымал дәмхананың біріне көршілес тұрған үйлердің тұрғындарының базынасын жеткізді. Қоғам өкілінің айтуынша, бұл көңіл көтеру орны адамдардың мазасын алып, тыныштығын бұзатын көрінеді. Әрі түнде ойын-сауық мекемесінің жанында мас күйде қылмыс пен құқық бұзушылық жасау қаупі артады екен. Бұл – үй тұрғындарына үлкен қолайсыздықтар тудырады. Облыстық және қалалық полиция басшылығы бұл ақпаратты назарға алып, өз құзыреті шеңберінде барлық қажетті шараларды қабылдауға уәде берді.
Соңында СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов ККО мүшелеріне атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысын білдіріп, облыс тұрғындарының барлық мәселелері мен талап-тілектері бойынша қажетті шаралар қабылдайтынын айтты.