Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полиция мереке күндері күшейтілген режимде қызмет атқарды

СҚО-да полиция мереке күндері күшейтілген режимде қызмет атқарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

16 желтоқсан күні мерекелік таңды Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері гарнизондық кешенді күштердің саптық тексеруінен бастады. "Динамо" стадионының алаңында жүздеген офицер мен сержант сап түзеді. Олардың қатарында патрульдік полиция батальондары, учаскелік инспекторлар, жедел қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері болды. Барлық жеке құрам Тәуелсіздік күні облыс тұрғындары мен қонақтарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылды.

Саптық тексеру барысында полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов жеке құрамға қызметтік нұсқау берді. Ол қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қызметтік міндеттерді мінсіз атқару, азаматтармен сыпайы әрі әдепті қарым-қатынас орнату қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын ұстану және қоғамда "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Айта кету керек, күшейтілген қызмет тәртібі тек Тәуелсіздік күнімен шектелмей, Жаңа жыл мерекелері кезеңінде де жалғасатын болады.

Саптық тексеруден кейін қаза тапқан әріптестерді еске алу мақсатында салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Облыстық және қалалық полиция басшылығы, ішкі істер органдарының офицерлері мен ардагерлері Қазақстан Конституциясы көшесі 51-мекенжайда орналасқан ескерткішке гүл шоқтары мен қалампырлар қойып, бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Мұндай дәстүрлі рәсімдер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, халық пен мемлекет игілігі жолында адал әрі жанқиярлықпен қызмет етуге жігер береді.

Осындай саптық тексерулер мен гүл қою рәсімдері өңірдің барлық аумақтық полиция бөлімшелерінде де өткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру