СҚО-да полиция, прокуратура және жетекші заңгерлер азаматтарды қабылдады
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері облыстық прокуратура ұйымдастырған республикалық "Халық заңгері" әлеуметтік акциясына қосылды. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсету және қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында өтті. Бір алаңда өңірдің жетекші заңгерлері, құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік құрылымдардың өкілдері жиналып, азаматтарға тегін кеңес берді.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев те жеке қатысты. Ол полиция қызметіне қатысты сұрақтармен келген тұрғындарды қабылдады. Көпшілік негізінен көлік құралдарын тіркеу, абаттандыру ережелерін сақтау және өзге де өзекті мәселелер бойынша жүгінді. Әрбір өтініш бойынша ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде барлық шараны қабылдайды.

Сонымен қатар азаматтарды қабылдауды қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері және процессинг орталығының басшысы жүргізді.
Азаматтарға кеңестік және құқықтық көмек көрсету – полиция қызметінің күнделікті жұмысындағы маңызды бағыттарының бірі. Ал мұндай шаралар халықтың мәселелерін орталықтандырылған және жедел түрде шешуге мүмкіндік беріп, ведомстволардың ашықтығын айқын көрсетеді. "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында осындай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады.
 
						
 
											