СҚО-да полиция қызметкері бейнебақылау жүйесі арқылы ер адамды құтқарып қалды
Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкері бейнебақылау жүйесі арқылы ер адамды құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында полиция қызметкері Азамат Кенжебулатов бейнебақылау жүйесі арқылы ер адамды байқап, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Сағат 16:00 шамасында кезекші бөлімде қызмет атқарып жүрген полиция қызметкері Азамат Кенжебулатов "Қауіпсіз қала" жүйесі арқылы Булаев қаласының шетінде орналасқан қайың тоғайында бір ер адамның жүргенін байқады. Ер адамның қолында арқан болғанын көрген полиция қызметкері дереу әрекет етті.
Азамат Кенжебулатов учаскелік инспекторға хабарласып, жағдайды баяндады. Сонымен қатар оқиға орнына тез жету үшін 16 жастағы ұлы Жандосқа хабарласып, инспекторға нақты орынды көрсетуін сұрады.
Учаскелік инспектордың жедел әрекеті нәтижесінде 67 жастағы ер адам аман-есен полиция бөліміне жеткізілді. Ер адамның айтуынша, өмірлік қиындықтарға байланысты ол өз-өзіне қол жұмсауды ойлаған. Қазіргі уақытта оған қажетті психологиялық көмек көрсетілуде, және бұл жағдай бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.