СҚО-да полиция заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын тұлғаларды анықтап жатыр
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында жолаушылар тасымалы саласындағы жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында басты мақсат — ауыр зардаптары бар жол-көлік оқиғаларының алдын алу және құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері облыс жолдарында 143 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тауып, 200 адам түрлі жарақаттар алған. Апаттардың санын азайту мақсатында полиция кешенді шаралар қабылдауда.
Құқық қорғау органдары такси және автобус жүргізушілеріне ерекше назар аударуда. Елді мекендерде және қала сыртындағы жолдарда тосын рейдтер өткізілуде. Негізгі назар — барлық ережелерді қатаң сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру және алдын алу шараларына бағытталған.
Мысалы, Петропавл қаласының Бөкетов көшесінде 35 жастағы Toyota Camry жүргізушісі мобильді қосымша арқылы жолаушы тасымалдап, қажетті тіркеусіз қызмет көрсеткені анықталды. Оған қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл құқық бұзушылық үшін жеке тұлғаларға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Жыл басынан бері осы бап бойынша 60-тан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері бұл шаралардың басты мақсаты — жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті. "Қауіпсіз жол" іс-шарасы жалғасуда.