СҚО-да пробация қызметкері өрт кезінде адамдарды құтқарып қалды
Аққайың ауданында пробация қызметкері өрт кезінде адамдардың өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 маусымда түнгі сағат 03:00 шамасында Аққайың ауданының Смирново ауылында өрт шықты. Сол түні болған оқиға әділет капитаны Дархан Бекбулатовтың жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайға ұласпады.
Дархан Бекбулатов үйінде болған кезде сырттан атысқа ұқсас дыбыс естіп, далаға шыққан. Сыртта қою түтінді байқап, бірден өрт шыққан жерге қарай жүгірген. Оқиға орнына жеткенде моншаның жана бастағанын көрген. Монша тұрғын үйге жапсарлас салынғандықтан, жалын үйге де тарала бастаған еді.
Дархан дереу өрт сөндіру қызметіне нақты мекенжайды хабарлап, көмек келгенше өз бетінше әрекет етуге кіріскен. Ол үйде ұйықтап жатқан екі бала, олардың анасы мен басқа да адамдарды оятып, барлығын қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.
Сонымен қатар ол өрт шыққан аумақты қоршап, адамдардың жақындауына жол бермей, жарақат алу қаупін болдырмады. Өрт сөндірушілер келгенше қолда бар құралдарды пайдаланып, жалынды тоқтатуға тырысты.
Дархан Бекбулатовтың батылдығы мен шапшаң әрекетінің арқасында адамдар аман қалды, ал материалдық шығын аз болды.
Кейін оқиға орнына келген өрт сөндірушілер өртті толық сөндірді. Тексеру барысында өрттің шығуына пешті орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы себеп болғаны анықталды.
Аман қалған отбасы Дархан Бекбулатовқа ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғысын білдірді.