СҚО-да пробация қызметкерлері сотталғандарға ерекше іс-шара ұйымдастырды
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, сондай-ақ мәдени-адамгершілік тәрбие және рухани даму мақсатында СҚО бойынша ҚАЖД Мамлют ауданының пробация қызметі «СҚО Мамлют ауданы әкімдігінің ішкі саясат, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» КММ-нің қолдауымен пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар үшін акция ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есепте тұрған адамдар мен олардың балалары үшін «Абылай хан Резиденциясы» мұражай кешенінде, СҚО полиция департаментінің мұражайларында, сондай-ақ ботаникалық бақта экскурсия өтті. Сотталғандар СҚО бойынша полиция департаментінің жедел басқару орталығына ерекше қызығушылық танытты.
– Мен үшін бұл сапар көптеген жағымды эмоция сыйлады, бәрі мазмұнды және есте қаларлықтай өтті. Есепте тұрғандардың көбісінің мұндай жерлерге баруға, әсіресе балаларына көрсетуге мүмкіндігі жоқ. Мұражайлардың атмосферасы ұнады. Барлық қызметкерлер мейірімді және сыпайы болды, бізді экспонаттар мен экспозициялар тарихымен таныстырды. Біздің инспекторларымызға және әкімдіктің ішкі саясат және тілдерді дамыту және спорт бөліміне сапарымызды ұйымдастырып, өнер әлеміне енуге бірегей мүмкіндік бергені үшін ерекше алғыс білдіреміз, – деді сотталған азамат.
Сондай-ақ сотталғандар үшін кешенді түскі ас және тегін жол жүру қарастырылып, экскурсия соңында ауданның мәдениет үйінде шахматтан, дойбыдан турнир ұйымдастырылды. Іс-шара шай ішумен және турнир қатысушыларына естелік сыйлықтар табыстаумен аяқталды. Балаларға тәттілер сыйға берілді.
– Сотталғандарға Абылай ханның балалық шағы, есейген жылдары және хан болу тарихымен танысуға болатын Резиденцияның бірінші залы ерекше ұнады. Әйелдердің жартысы ботаникалық бақтың жылыжайына барып, оларды экзотикалық өсімдіктердің әртүрлі түрлерімен таныстырды. Сондай-ақ сотталғандардың балалары мен немерелері отбасылық, туыстық байланыстарды нығайту және қайта әлеуметтендіру мақсатында шақырылды, – деді пробация қызметкері Алик Абильмажинов.