СҚО-да “Қауіпсіз дөңгелек” байқауының өңірлік кезеңі аяқталды
Солтүстік Қазақстан облысында “Қауіпсіз дөңгелек” байқауының өңірлік кезеңі аяқталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласындағы “Қарасай” стадионында Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарынан келген 14 жас жол инспекторлары (ЖЖИ) командалары қатысқан “Қауіпсіз дөңгелек” байқауының өңірлік кезеңінің жабылу салтанаты өтті.
Байқау аясында оқушылар бірнеше кезеңнен өтті: жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық тестілеу, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын тексеру, таяқша арқылы реттеуші белгілерін көрсету және велосипедпен дәлдік пен жылдамдыққа арналған фигуралы жүру.
Жыл басынан бері СҚО жолдарында балалардың қатысуымен 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 32 кәмелетке толмаған бала түрлі дәрежедегі жарақаттар алды.
СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманғали Ысмағұловтың айтуынша, балаларды жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне үйрету – басты міндеттердің бірі. Мұндай байқаулар оқушылардың білімдерін нығайтып қана қоймай, көлік ортасында қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Қатысушылар мен көрермендер үшін полиция қызметкерлері арнайы бағдарлама дайындады: жедел әрекет ету арнайы жасағы мен іздестіру иттерімен жұмыс істейтін кинологтардың көрсетілімдері, сондай-ақ СҚО полиция департаментінің мәдениет орталығының вокалдық тобының музыкалық нөмірлері.
Байқау нәтижелері бойынша келесі номинациялар бойынша үздіктер анықталды: “ЖҚЕ үздік білгірлері” – Уәлиханов ауданының командасы; “Үздік реттеуші” – Айдын Айтенов (Ақжар ауданы); “Жас санитар” – Рауана Исенова (Уәлиханов ауданы); “Жас велосипедші” – Дамир Темірбеков (Тимирязев ауданы); Қыздар арасында үздік қатысушы – Дильназ Байбусина (М. Жұмабаев ауданы); “Ең жас қатысушы” – Екатерина Шенхент (Есіл ауданы). Жалпы командалық есепте: 3 орын – Ғабит Мүсірепов ауданының ЖЖИ командасы; 2 орын – Тимирязев ауданының командасы; 1 орын – Мамлют ауданының жас өкілдері.
Мамлют ауданының жеңімпаз командасы тамыз айында Шығыс Қазақстан облысында өтетін республикалық кезеңде Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.