СҚО-да "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде
СҚО-да "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
22-24 қыркүйек аралығында солтүстікқазақстандық полицейлер "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеуде.
- Басты мақсат – жолдағы оқиғалардың санын азайту. Барлық жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі жолдардағы заңдылық пен тәртіпті нығайтуға ықпал етеді, - дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Бұл күндері облыс жолдарында патрульдік полиция жасақтарының саны көбейтіліп, ауылдық жерлерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге учаскелік полиция инспекторлары қатысады. Статистикаға сүйенсек, жол ережелерін бұзудың басым бөлігі жылдамдықты асырғандар тарапынан болады. Жол апаттарына осы ереже бұзушылық себепші болып жатады, бірақ мұның өзі де жылдамдықты асыратындарды тоқтататын емес. Жыл басынан бері СҚО-да белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін 3672 жүргізуші жауапқа тартылды. Естеріңізге сала кетсек, елді мекендерде жылдамдық сағатына 60 шақырымнан, бөлетін жолағы бар қала сыртындағы жолдарда - сағатына 110 шақырымнан, қалғандарында - 100 шақырымнан, автомобиль жолдарында – сағатына 140 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүре аласыз. Жүк көлігінің жүргізушілері жылдамдықты төмен ұстаулары қажет.
Жыл басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері 645 жүргізушіні масаң күйде ұстады. ҚР ӘҚтК 608-бабымен 15 тәулікке қамауға алу және жеті жылға жүргізу құқығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Жыл басынан бері СҚО-да 30 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактілері анықталды.