СҚО-да ҚАЖД қызметкерлері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті
СҚО-да ҚАЖД қызметкерлері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика күні қарсаңында СҚО бойынша ҚАЖ департаменті №48 мекемесінің қызметкерлері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Іс-шараға кезекші бөлімнің, режимдік, жедел және тәрбие бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Әр команда өздерінің кәсіби қызметінде қажет болатын күш-жігерін, ептілігін және командалық рухын паш етті.
Бағдарламаға ұлттық спорт түрлері де, танымал командалық ойындар да енді. Қызметкерлер аса қызығушылықпен таяқ тарту, садақ ату, қошқар көтеру, арқан тартыс, қалашықтар ойыны, қазақша күрес және ләңгі тебу сайыстарына қатысты. Сонымен қатар баскетбол және волейбол ойындары да ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша әрбір спорт түрінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мұндай іс-шаралар ұжымдық рухты нығайтуға, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді.