СҚО-да қолайсыз ауа-райы кезінде полицейлер жүргізушілерге көмек берді
СҚО-да қолайсыз ауа-райы кезінде полицейлер жүргізушілерге көмек берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қатты аязда тас жолда жанармайсыз қалу — қауіпті жағдай. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Дәуіт ауылына жол тартқан Көкшетау қаласының тұрғыны жолда қалған. Көліктің багындағы жанармай жету керек жерге санаулы шақырым қалғанда таусылып, Көкшетау — Омбы автожолының 154-шақырымында ВАЗ-2199 автокөлігі тоқтап қалған.
Жүргізуші мен оның жұбайы суып бара жатқан көліктің ішінде шамамен жарты сағат отырған. Алайда жағдайларын сұрап, тоқтаған ешкім болмады. Тек қысқы маусымның ең аяз түнінде жолды патрульдеп жүрген полицейлер ғана көмекке келді. Тәртіп сақшылары жанармай жеткізіп, жүргізушінің жолын жалғастырғанына көз жеткізген соң өз бағыттарына қайта оралды.
Арада бірнеше шақырым өткенде полицейлердің көмегі тағы да қажет болды. Жол жолағын жауып қалған, Шымкентке бидай тасымалдап бара жатқан тіркемесі бар КамАЗ жүк көлігі бұзылып, қозғалысты бөгеп тұрды.
Полицейлер жүргізушіге қажетті қосалқы бөлшекті табуға және ауыстыруға көмектесіп, жөндеу жұмыстары кезінде жол қозғалысын реттеп, жол-көлік оқиғасының алдын алды.
Патрульдік қызметкерлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтылды. Полицейлер автокөлік иелеріне көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылап отыруды, суық мезгілде алыс жолға шығар алдында жылы киім мен байланыс құралдарын дайындауды, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
