СҚО-да құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды
СҚО-да құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында дәстүрлі "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының спартакиадасы аясында шағын футболдан жарыс өтті. Додада 12 команда, соның ішінде 4 аудандық полиция бөлімінің құрамасы бақ сынады
Спартакиада спорттық форманы сақтауға ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік маңызы бар спорт түрлерін қамтиды. Оның ішінде шағын футбол - ұжымда жұмыс істеу дағдысын дамытуға арналған тиімді жаттығу.
Жарыстың басты жаңалығы - Айыртау ауданының полиция қызметкерлері жеңіске жетті. Бұл команда бірнеше жыл қатарынан үздік үштікке еніп, екінші орынға тұрақтап келген. Биылғы жарыста табандылық танытып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.
Екінші орын - қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, үшінші орын - полиция департаменті командасының еншісінде.
Үздік қорғаушы атағы - СҚО ПД командасының ойыншысы Ілияс Раушановқа, үздік шабуылшы - ҚАЖД қызметкері Нариман Акишевке, ал үздік қақпашы - айыртаулық Ілияс Құнанбайға бұйырды.
Шағын футбол - биылғы спартакиаданың үшінші спорт түрі. Алда - самбо күресінен жарыстар өтеді.