СҚО-да құқық қорғаушылар оқушыларға полицей мамандығын меңгерудің қыр-сырын айтып берді
Полиция қызметінің романтикасы дегенде әдетте адамдардың ойына жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалистер жүргізетін қылмыспен күрес келеді. Бірақ полиция жұмысының ауқымы кең. Бұл туралы жоғары сынып оқушыларына солтүстікқазақстандық полицейлер мен Шырақбек Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ Қостанай академиясының оқытушылары айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Академия әкімшілік полицейлерді даярлайды. Оған учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция және басқа қызметтер кіреді. Олардың жұмысы адамдармен тығыз байланыста, көбінесе тосынсыйларға толы, кейде бастарын қатерге де тігуі мүмкін. Петропавл қаласының бірқатар мектептері мен жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің оқушыларына қызмет өткеру және академияға түсу тәртібі туралы полиция қызметкерлерінің өздері айтып берді.
Академия оқытушысы әңгімесін бейнероликтермен сүйемелдеді. Колледж оқушылары үшін облыстық Полиция департаментінің музейі мен Петропавл қалалық Полиция басқармасының жедел басқару орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар бұл арқылы полиция қызметі туралы толығырақ білуге мүмкіндік алды. Милиция тарихы мен бүгінгі полицияның заманауи техникалық мүмкіншіліктері балалардың ерекше қызығушылығын оятты. Балалар күштер мен құралдарды басқаратын инспектордың жұмысын және тұрғындардан келіп түскен қоңырауларға жасақтар қалай жіберілетінін көздерімен көріп, бейнебақылау инспекторының жұмысымен танысты.
– Мектептің соңғы сыныптарында және басқа да білім ошақтарының соңғы курстарында оқып жатқан оқушылар үшін қазір нағыз мамандық таңдайтын уақыт. Көктемде ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау басталады. Болашағын полициядағы қызметпен байланыстыруға ниет білдірушілер Алматы көшесі, 55 мекенжайында орналасқан СҚО ПД Кадр саясаты басқармасына және Жұмабаев көшесі 118 мекенжайындағы Петропавл қаласы Полиция басқармасының кадр саясаты бөліміне жүгіне алады. Ауылдық жерде тұратын азаматтар аудандық полиция бөлімдеріне барып қажетті ақпаратты алуына болады. Біздің қызметкерлер медициналық, дене шынықтыру дайындығы бойынша қойылатын талаптар, қажетті құжаттар жинау туралы айтып береді. Полицияда қызмет атқарғысы келетін азаматтар жұмыспен қамтылып қана қоймай, өздерінің қабілеттерін әр түрлі бағытта сынап көре алады, – дейді СҚО ПД Кадр саясаты басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Тасимов.