СҚО-да қылмыс деңгейі 25% пайызға азайды
Солтүстік Қазақстан облысында қылмыс деңгейі 25% пайызға азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция департаментінде жыл қорытындысы бойынша бейнеселектор режимінде өткен жедел кеңесте жедел-қызметтік жұмыстың нәтижесі қаралды. СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев ҚР ІІМ-нің Алқа жиналысынан келіп, биылғы жылы ішкі істер органдарының алдына қойылған міндеттер мен талаптарға тоқталды. Кеңес алдында спорттағы табыстары және сапалы жұмыстары үшін ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталды. Қорытынды кеңестің қарауына екі мәселе енгізілді: солтүстікқазақстандық полицияның 2020 жылғы жұмысының қорытындысы және полиция бөліністеріндегі тәртіптің, заңдылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жағдайы.
ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың баяндамасы қызметтің барлық бағыттары бойынша жан-жақты талдау жасау негізінде әзірленді. Құқықтық тәртіпті нығайту бойынша қабылданған шаралар өңірдегі жедел жағдайды бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2020 жылы 4766 қылмыс тіркелді. Жалпы қылмыстылық 25%-ға азайды. Полиция қызметінде қылмыстың алдын алуға және ашуға, әсіресе ауыр және аса ауыр түрлерін ашуға ерекше назар аударылды. Барлық қылмыс түрлерінің саны азайды, оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, қарақшылық, тонау бар.
Ішкі істер органдары жүйесі үшін 2021 жыл құқық бұзушылықтардың алдын алу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жарияланды. Осы орайда полиция жүйесінің сапалық өзгеруі басымды міндет болып табылады, яғни сервистік, ашық болуы және адамдардың өтініштеріне жедел ден қою қажет.
Адамдардың полиция қызметкерлеріне деген сенімі бірінші кезекке қойылды. Сондықтан, полиция қатарымызда заңдылықты сақтау мәселесі ерекше өзекті болып отыр.
Қызметке кәсіби тұрғыдан қарамаудың әр фактісі, қызметкерлердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері ішкі істер органдарының қызметкерлерінің имиджіне кері әсер етеді.
– Басшылардан әр қызметкерге қызметтік және әскери тәртіпті бұзғандарға ешқандай аяушылық болмағанын және болмайтынын жеткізуді сұраймын. Бұл еліміздің басшылығының, министріміздің ұстанымы және менің жеке пікірім. Мен сіздерге заң шеңберінде өзіміздің қатарымызды лайықсыз қызметкерлерден тазарту жөніндегі жұмысты жалғастыру үшін барлық өкілеттіктерді беремін, – осындай тапсырманы Марат Төлебаев Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Арман Атановқа берді.
Басшылық ететін бөліністің жұмысындағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген басшылар тыңдалды. Алдағы жылы полиция қызметіне цифрландыруды, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын сенімді енгізу бойынша көптеген жұмыстар күтіп тұр.