СҚО-да рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау бойынша 1000-ға жуық рейд жүргізілді
СҚО-да рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау бойынша 1000-ға жуық рейд жүргізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау бойынша мыңға жуық рейд жүргізді. Экологтар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, жұмыс тобы құрылды. Топ мамандары қоқыс тасталған аумақтарға барып, жағдайды зерделеді. Нәтижесінде 120-дан астам стихиялық қоқыс орны анықталып, олардың 106-сы жойылды.
2024 жылдың сәуір айынан бері полицейлер қоршаған ортаны ластаумен байланысты 17 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Тәртіп бұзушыларға абаттандыру ережелері түсіндіріліп, қоқыс тастау үшін қарастырылған жауапкершілік туралы жадынамалар табыс етілуде.
Қазіргі таңда бұзушылықтарды анықтау бейнебақылау камералары мен полицейлердің кеудеге тағылатын видеорегистраторлары арқылы жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс күнделікті жалғасуда. Абаттандыру қағидаларын бұзу және экологиялық құқық бұзушылықтар фактілері бойынша “102” нөміріне шұғыл хабарлау қажет.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды тазалық сақтауға және табиғатты аялауға шақырады — бұл өңір тұрғындары мен қонақтарының денсаулығы мен жайлылығы үшін маңызды.