СҚО-да сотталғандар туыстарымен кездесті
СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №50 мекемесінде алғаш рет жаңа жыл қарсаңында ашық есік күні өтті. 52 сотталғанға 108 туыс келді, оның 27-сі – балалар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қонақтар үшін аниматорлармен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, Аяз Ата мен Ақшақар дәстүр бойынша балаларды сыйлықтармен қуантты.
Жазасын 10 жылдан бері өтеп келе жатқан Қаракөз Мырзахметовамен кездесу үшін Қостанайда тұратын оның әпкесі мен жиені келді. Сотталған жиенін бірінші рет көрді. Кездесу екеуіне де сыйлық болды, себебі сол күні жиенінің туған күні еді.
– Мен әкімшілікке осындай тосын сый, әпкем мен жиенімді көруге мүмкіндік бергені, мерекелік концерт ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Бәрімізде жаңа жылдық көңіл-күй бірден пайда болды. Бүгін менің жиенімнің туған күні, ол 4 жасқа толды. Мен қазір шыныменде ең бақыттымын жанмын, – дейді Қаракөз.
Іс-шараға туыстардан басқа, СҚО адам құқықтары жөніндегі уәкілінің өкілі Жанат Жұмабаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркеұлан Бектұров, СҚО бойынша ҚБК өкілі Игорь Коновалов қатысты.
– Жаңа жыл отбасылық мереке екенін бәріміз білеміз, сондықтан сотталғандар да осы мереке қарсаңында отбасылық ошақтың жылуын сезіне алуы үшін мерекелік концерт ұйымдастырып, балаларға арналған шырша өткізу туралы шешім қабылдадық. Сотталғандардың бірі үшін тосын сый дайындалды. Ең бастысы барлығы риза, – дейді мекеме бастығы Қанат Сүлейменов.