Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да су тасқыны кезінде ерлік көрсеткен полицейлер жастармен кездесті

СҚО-да су тасқыны кезінде ерлік көрсеткен полицейлер жастармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мұражайында өткен ерекше ерлік сабағы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналды. Шараға алғаш рет IT-мектеп-лицейде жаңадан ашылған «Жас сақшы» сыныбының оқушылары, тағылымдамадан өтуші жас мамандар, полиция ардагерлері және департаменттің жас қызметкерлері қатысты.

Бұл кездесудің негізгі тақырыбы – 2024 жылғы алапат су тасқыны болды. Сол табиғи апат кезінде қызметтік міндетін адал атқарып, ерлік көрсеткен полиция қызметкерлерінің ерлігі ерекше атап өтілді. Айта кетсек әр жылдары СҚО-ның 19 полицейі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған болса, оның төртеуі – дәл осы тасқын кезіндегі жанқиярлық әрекеттері үшін марапатқа ие болған. Қазір сол оқиғалар туралы деректер мен құнды жәдігерлер СҚО ПД мұражайының қазынасында сақтаулы.

Сабақ барысында қатысушыларға тасқын кезіндегі батырлық оқиғаларды бейнелейтін фото және бейнематериалдар ұсынылды. Сондай-ақ, мұражай сақтаушылары сол қиын күндердің оқиғалары туралы қызықты деректермен бөлісті.

Ерлік сабақтарының қадірлі қонақтарының бірі, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, учаскелік инспектордың 28 жастағы көмекшісі Ақыл Байтеңізов, өз естеліктерімен бөлісті. Ол тасқын кезінде аралға айналған Прибрежное ауылында тұрғындармен бірге қалып, эвакуация барысында көптеген адамдарды құтқарған. Әсіресе қарт ерлі-зайыптыларды қауіпсіз жерге көшіруде ерекше батылдық танытқан.

Шарада сөз алған ІІО ардагері, Прибрежное ауылының тұрғыны әрі СҚО ПД бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Нұржан Күдеров, шұғыл қызметтердің кәсібилігі мен бірлесе атқарған жұмысына жоғары баға берді.

Су тасқыны кезіндегі қызметкерлердің ерлігі мен өзара қолдауы туралы Петропавл қаласының полиция қызметкері Әдемау Меңдібаева да айтып берді. Бес баланың анасы болғанына қарамастан, ол табиғи апаттың басынан аяғына дейін қызметкерлермен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысқан. Ол кезде Әдемау Меңдібаева Петропавл қаласы полиция басқармасының баспасөз хатшысы қызметін атқарып, тасқынның ең күрделі сәттерінде оқиғалар тарихын қалыптастыруға және фотоматериалдарды жинауға үлес қосқан.

– Осындай қиын сәтте бірлік пен өзара көмек басты құндылық екенін түсіндік. Қызметкерлердің ғана емес, қарапайым тұрғындардың да бір-біріне қалай қолдау көрсеткенін тарихта қалдыруға тырыстым, – дейді ол.

Бұл сабақта көрсетілген материалдар мен айтылған оқиғалар жас ұрпақты елге деген сүйіспеншілікке, қиындықтарды еңсеру жолында бірлікке баулып, ерліктің мәнін ұғынуға жол ашты. Мұндай кездесулер азаматтық борыш пен патриотизмді насихаттаудың жарқын үлгісі болары сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру