СҚО-да тасжолдар мен көшелерде алдын алу шаралары күшейтілді
СҚО-да тасжолдар мен көшелерде алдын алу шаралары күшейтілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде 19 сәуірден бастап “Қауіпсіз жол” атты республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға және жолда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Акция 19 мамырға дейін жалғасады.
Патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар күн сайын рейдке шығып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу, түсіндіру, қайғылы оқиғаларға жол бермеу.
Көктемгі жылы күндермен бірге көшелер мен аулаларда жаяу жүргіншілер, соның ішінде балалар көбейді. Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерге: мектеп маңында, жаяу жүргінші өткелдерінде және тұрғын аудандарда аса сақ болуды ескертеді. Жаяу жүргіншілермен де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде – қауіпсіздік әр адамның жеке тәртібінен басталады.
Профилактиканы күшейту мақсатында интеллектуалды жүйелер, бейнебақылау камералары және техникалық бақылау құралдары кеңінен қолданылуда.
Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет екенін атап өтеді. Көлік жүргізу кезінде және жаяу жүргінші ретінде жол ережесін мүлтіксіз сақтау – ортақ іске қосқан зор үлес.
“Қауіпсіз жол” операциясы жалғасуда.