Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да террористік тұрғыдан осал 245 объекті тексерілді

Солтүстік Қазақстан облысында террористік тұрғыдан осал 245 объекті тексерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері террористік тұрғыдан осал (ТТО) 245 объектіні тексерді, оның 174-і адамдар көп жиналатын объектілер. Тексеріс нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы 80 ұйғарым шығарылды. Терроризмге қарсы қорғалуды қамтамасыз ету бойынша міндеттерін атқармағаны және қауіпсіздіктің тиісті деңгейін сақтамағаны үшін ТТО объектілердің бес басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаевтың айтуынша, терроризмге қарсы заңнамаға өзгерістер енгізілген, заңнамаға сәйкес белгіленген талаптарға сай келетін объектілерді тексеру екі жылда бір рет жүзеге асырылатын болды. «Кезеңді» және «жоспардан тыс» тексеріс ұғымдары енгізілді, аталған тексерістер террористік қауіп деңгейлері жарияланған жағдайда, сондай-ақ бұрын анықталған бұзушылықтардың жойылуын қайта тексеру мақсатымен өткізіледі. Заң бойынша терроризмге қарсы қорғалу жүйесіндегі кемшіліктерді жою үшін ТТО объектінің иесіне ұсынылатын мерзім бір жылға ұзартылды.

– Объектілердің басшылары бұрынғыдай терроризмге қарсы қорғанысқа қаражат қарастыруға, өздерінің персоналымен оқу және алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруға, терроризм актілеріне ден қою мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен, жедел штабтармен өткізілетін іс-шараларға қатысуға міндетті, – деп атап өтті Руслан Жарасбаев.

Облыс аумағындағы террористік тұрғыдан осал обектілердің тізіміне 577 объекті енгізілді, оның 437-сі халық көп жиналатын объектілер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру