СҚО-да төрт күн ішінде мас күйде көлік басқарудың 18 фактісі анықталды
Полицейлер 4 күн бойы Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Бұл іс-шараға республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда, елді мекендерде 140-тан астам автопатруль жұмылдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда ауыл арасындағы жол бойында шлемсіз мотоциклшіні тоқтатты. Құжаттарын тексеру барысында 41 жастағы ер адамның жүргізуші куәлігі болмай шықты. Одан ішімдіктің иісі шыққандықтан ол медициналық куәландыруға жіберіліп, күдік расталды. Мұндай жағдайда көлік басқару қайғылы аяқталуы мүмкін болғандықтан құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жалпы 4 күн ішінде облыс жолдарында мас күйінде көлік басқарудың 18 фактісі анықталды. Тәртіп сақшылары көлікті мас күйінде басқаруға жол берілмейтінін еске салады. Қаңтар айынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 21 адам зардап шекті.
Солтүстік Қазақстан облысында жол ережесіне қатысты 1166 түрлі бұзушылық анықталды. Оның ішінде жиі жасалатын қауіпсіздік белдігін қолданбаудың 206 жағдайы, рөлде телефон арқылы сөйлесудің 90 фактісі тіркелді.